Туркеева К.А., О.Ш. Адилханов
Түйін
Бұл мақалада ҚР өңдеу өнеркәсібінің қазіргі жағдайына талдау жүргізілген. Өңдеу саласын дамытудың алғышарты – мол ресурс қоры болып табылады. Теория бөлімінде осы пікірге шетелдік ғалымдардың көзқарастары зерделенеді. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы статистикалық мәліметтері аймақ және сала бойынша салыстырылып, экспорттық әлеуетті дамыту мүмкіндіктері қарастырылады. Әсіресе мемлекеттік басымдық берілген метталлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі салалары зерттеліп, SWOT-талдау жасалды. Сонымен қатар экспорттағы үлесі жоғары тауарлар, өңдеу өнеркәсібінің динамикасы, өңдеу өнеркәсібі экспортының құрылымы, ҚР аймақтар тұрғысында өңдеу өнеркәсібінің өндірісі мен экспортына диаграммалар құрылды. Өңдеу секторы экономикалық өсімді қамтамасыз етуші факторға айналуы үшін дамыған елдердегідей ЖІӨ үлесі 40-50%-ға дейін жетуі керек, ал бізде 2017 жыл қорытындысы бойынша 17,7% құрады. Ал осы жылы өңдеу өнеркәсібі саласы экспорты жалпы экспорттың 31,6 % құрағанымен, сала экспортының ауқымды бөлігі өңделген дайын тауар емес жартылай шикізат күйінде сатылуда. Онда темір, болат, мыс, химиялық заттар, руда, мырыш, түсті металл, алюминий сияқты секторлардың үлесі басым. Дүниежүзілік банк деректері бойынша Қазақстанның өнеркәсіп өндірісі экспортында жоғары және орташа технологиялы экспорттың үлесі 0.41% ғана құрайды. Сондықтан да, Қазақстанның алдағы уақытта дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін шикізатқа тәуелділікті еңсеріп, жоғары технология өндірісін дамытуы – өзекті мәселелердің бірі. Қазақстан өндірісті дамытып, шикізаттық тәуелділіктен арылу бойынша қолға алған бағытында табысты жұмыстар жүргізіп жатыр. Соның бірі – үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының (ҮИИДМБ) нәтижесінде өңдеу саласының республика өнеркәсібіндегі үлесі оң динамиканы көрсетуде. Бағдарламаның негізгі мақсаты да өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту, еңбек өнімділігін арттыру және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайту болатын. Мақала соңында өңдеу саласына маманданған Ақмола, Алматы, Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының экспортты дамыту мүмкіндіктері жоғары екендігі туралы тұждырым жасалған.
Түйін сөздер: Өңдеу өнеркәсібі, металлургия, экспорт, әртараптандыру, экономикалық өсім.
Сілтеме жасау
К.Ә.Түркеева, О.Ш. Адилханов Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі экспортын талдау // Экономика: стратегия және практика — 2019 — № 1 (14) — б. 181-193.